West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр


20/12/2023
16:31 10934 0

Фото: Азаттық радиосы

Маңғыстау облысында West Oil Software жұмысшыларының ереуіліне байланысты «Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер» бабы (402-бап) бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл жөнінде Маңғыстау облысы Қарақия ауданының прокуроры Аманжол Айтуғанов мәлімдеді. 

– Заңсыз ереуіл орнында ағаш үй, шатыр құру, бейнеүндеу жасау және басқа да құрылғыларды табыстау немесе жәрдемдесу әрекеттері жоғарыда аталған баппен сараланатынын ескертемін, – деді Айтуғанов үндеуде.

Прокурор ереуілге байланысты желіде «жалған ақпарат тарап жатқанын», ол үшін қылмыстық жауап қарастырылғанын айтады. Алайда нақты кімдердің қандай ақпарат таратып жатқанын түсіндірмеген. Ол «жағдайды ушықтырмай, мәселені заңды жолмен шешкен жөн» деді.

20 желтоқсанда Қарақия ауданы әкімдігі де «бүгін аудан әкімі Сымбат Төретаевтың бастамасымен West Oil Software қызметкерлерімен келіссөз жүргізуге әрекет жасалды, алайда жұмысшылар «ҚазМұнайГаз» штатына жұмысқа орналасуды талап етіп, келіссөзден бас тартты» деп хабарлады.

Маңғыстау облысында West Oil Software жұмысшыларының ереуілдеп тұрғанына бүгін он күн болды. Жұмысшылар West Oil компаниясын «ҚазМұнайГаздың» мердігері Oil Transport corporation (ОТК) балансына қосу, бірыңғай төлем жүйесін енгізу және материалдық-техникалық базаны жаңартуды талап етеді. Бұған дейін ҚМГ олардың алғашқы екі талабын орындай алмайтындықтарын айтқан.

Бұған дейін жұмысшылар қысымға шағымданған. Олардың біразы жұмыстан қуылған. Жергілікті сот ереуілді заңсыз деп таныған. Сот шешімімен келіспеген жұмысшылар сотқа қатыспағандарын айтқан.

West Oil Software компаниясы да жұмысшылардың ереуілін «заңсыз» деп атап, ереуілге байланысты «мұнай ұңғымаларында апат қаупі бар, бұл қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін, сондай-ақ тапсырыс берушіге экономикалық шығын келтіреді» деп мәлімдеген.

Наразылыққа шамамен 500 адам қатысып жатыр. Наразылар қақаған аязда күні-түні далада тұр. Олар талаптары орындалмайынша тарамайтынын айтады. 17 желтоқсанда Жетібайға арнайы жасақ кіргізілгені хабарланған.

Наразылыққа шыққан жұмысшылар 2018 жылға дейін ҚМГ құрамына кіретін компанияда жұмыс істеп, ҚМГ-ның біріңғай еңбекақы төлем жүйесіне енген еді. Кейін бұл компания ҚМГ құрамынан шығып, жекешелендірілген.

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

20/12/2023 16:31
10934 0

Уведомление